Перейти к содержимому

Қазақстанның астық экспорты қандай кедергілерге ұшырап отыр

    Биыл Қазақстанда егін бітік, астық өсімі мол болғалы тұр. Ішкі нарықты айтпағанда алыс-жақын шет елдерге көптеп жөнелтуге мүмкіндік бар. Алайда дәнді дақылдарды экспорттауда еліміз кедергілерге ұшырап жүр. Әсіресе, өте ауқымды Қытай нарығы өнімнің аз мөлшерін ғана қабылдап отыр. Енді диқандар артылған астықты не істейді? Бұл мәселелер жөнінде сарапшылардың пікірі қандай? Kazinform тілшісі тақырыпты талдап көрді.

    Дәнді дақыл түсімі мол

    Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына жүгінсек, 10 қыркүйектегі жағдай бойынша диқандар шамамен 4,7 млн гектар дақыл жинап үлгерген. Былтырғыға қарағанда 28 пайыз өсім бар. Орташа өнімділік бір гектарға шаққанда 14,9 центнерге жетіп отыр, былтыр бұл көрсеткіш 11 центнер шегінен аспаған болатын.

    Ал бастырылған астық 10 қыркүйекте 6,9 млн тоннаға жуықтады. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 31,8 пайызға артық.

    Жалпы алғанда, биыл көктемде ел диқандары 16,6 млн гектар алқапқа дән сепкен. Шамамен барлық дәнді дақыл түрін қосқанда 23-24 млн тонна астық жиналуы мүмкін.

    Осындай жақсы өсімнің арқасында биыл Қазақстанның астық экспортындағы әлеуеті 10 млн тоннадан асқалы тұр. Дегенмен ол оңайға соқпайды, себебі дәнді дақылды шетелге тасуға теміржол инфрақұрылымының әлеуеті жетпейді. Оның үстіне, Қытай нарығы астық қабылдауға белгілі бір шектеулер қойған. Мәселені Көлік министрлігіне қарасты Темір жол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбуғанов та растап отыр.


    — Құпия емес, Қазақстанның теміржол инфрақұрылымының тар тұстары жетерлік. Оларды кеңейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте экспорттық және транзиттік жүк тасымалының күрт артуына байланысты Қытаймен арадағы бағыттардың өткізу қабілеттерін кеңейту қажеттілігі туындады. Алайда Қытай қазақстандық астықты көп сатып алмай, шектеп отыр. 5 жыл бұрын біз ҚХР-дан астығымызды қабылдайтын инфрақұрылымын ұлғайтуды сұрадық. Олар сөзімізді жерде қалдырмай, Алашанькоу станциясында үлкен терминал салды. Соның арқасында былтыр біз 2,2 млн тонна бидай жеткіздік. Бұл — біздің рекорд болды, — деді ол.

    Қазақстан Қытайға мол астық жеткізе алар еді, бірақ 2,2 млн тоннамен шектелуге мәжбүр. Салдарынан шығыстағы көршіміздің алып нарығына ай сайын 150-200 мың тоннадан аспайтын бидай экспортталады. Келбуғановтың сөзінше, бұл шектеу Қазақстанның емес, қабылдаушы тараптың инфрақұрылымының жеткіліксіздігінен болып тұр. Сондай-ақ ҚХР меморгандары мол астықты кіргізуге құлықты емес. Мүмкіндік берсе Қазақстан теміржол арқылы Қытайға толассыз астық жөнелтуге әзір екен.

    Әрине, астық экспортын айтпағанда екі елдің сауда байланысы, тауар айналымы жақсы қарқынмен өсіп жатыр. Былтыр тек теміржол арқылы 28 млн тонна жүк тасымалданып, рекордты көрсеткіш тіркеді. Оның 12,6 млн тоннасы Қазақстан үлесінде десек, көлемі жағынан Қытайға бағытталған жалпы экспорттың 17,5 пайызы ғана бидай. Еліміз негізі мұнай, түрлі металл, табиғи газ бен уранды көптеп жөнелтеді.

    Бидай бағасын арзандатуға тура келе ме?

    Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы дәліз екені, кейінгі жылдары алыс-берісте, тауар тасымалдауда ерекше белсенді екені жасырын емес. Алайда логистика саласында әлі де кемшіліктер бар. Мәселен, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бар болғаны 2,5 мың шақырым теміржол салынған. Елдің теміржолының жалпы ұзындығы — 16 мың шақырым. Сонда теміржолдардың 84 пайызы кеңес заманынан бері қолданыста. Биыл мың шақырымнан астам теміржол салынып жатыр. Бірақ бұл логистиканың дамуына әлі де жеткіліксіз. «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» басқарма төрағасының орынбасары Ақпар Мауленовтың айтуынша, осы себептер астық экспортындағы басты кедергіге айналды.


    — Біріншіден, Қазақстан Қытай нарығына астықтан басқа шикізат пен жүкті көптеп жөнелтеді. Соның әсерінен теміржолға жүктеме көп. Астық жеткізуде локомативтер жетіспей жатады. Бұл тек астықты Қытайға экспорттайтын кездегі мәселе емес, оңтүстіктегі шекарадан Өзбекстанға өткізер кезде де тап осы проблемаға ұрынамыз. Диқандардың бәрі өнімін өткізгісі келеді, алайда шектеу бар, — дейді ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы.

    Мауленовтың айтуынша, Үкімет бұған дейін салаға жауапты ведомство басшыларымен, мамандармен және диқандармен кеңесіп, басқа нарықтарды іздеуді тапсырған. Шынын айтқанда, логистика нашар деңгейде тұр, автомобиль жолдарының өзі аса дамымаған. Еуропаға бет бұру үшін астықты алдымен Каспий теңізіне жеткізу қажет, бірақ оған дейінгі процестер шығынды талап етеді.

    Дәнді дақылдың барлық түрін есепке алғанда Қазақстанның жылдық өнімі шамамен 20-23 млн тонна десек, еліміз ай сайын кемі 1 млн тонна дәнді дақыл экспорттап отыруға тиіс. Бірақ оған шама келмейді, артылған өнімді сақтауға қоймалар қажет. Жалпы, бұл мәселені шешу үшін жүйелі жоспар керек екені көрінеді.

    — Биыл дән кеш себілді, сондықтан бидай сапасы төмен болуы мүмкін. Ол кезде өнімнің бағасын тағы да төмендетуге тура келеді. Әрине, Қытай нарығы өте үлкен, диқандар соны ескеріп өнімін өткізіп, пайда табуды көздейді. Алайда Қытай тарапының талабы қатты, лимит белгілеп, түрлі сертификат талап етеді. Неге? Себебі оларға біз ғана астық жеткізбейміз. Теңіз арқылы басқа да елдерден өнім алдыртады, ал кемемен жеткізу арзанға түседі. Егер Қазақстан белгіленген лимитті өзгертіп, көбірек астық жеткізгісі келсе, келіссөзге шақырғаны абзал. Алайда Қытай тарапының талабы бар, дипломаттарымен байланыс орнату оңай шаруа емес, — деп толықтырды Ақпар Мауленов.

    Тағы бір себеп — Ресей астығы біздегі дәстүрлі астық нарығын тұншықтырып барады. Себебі белгілі, біріншіден, көрші ел экспорттық бағытын кәрі құрлықтан Азияға қарай бұрды. Екіншіден, оларда өнімділік жоғары, 1 гектардан шамамен 25-30 центнер астық алып жатса, біздегі көрсеткіш 15 центнерден аспай жатыр. Өнімділік жоғары болғаны үшін олар астық бағасын да арзандата алады, яғни өнімі сұраныста болады. Мәселен, ашық дереккөздерде былтыр ресейлік бидайдың бір тоннасы 68 мың теңгеден (13 200 рубль), ал қазақстандық бидай сортына қарай 80-91 мың теңге аралығында саудаланғаны жазылған. Баға айырмашылығы анық аңғарылады, тұтынушы қай кезде де қолайлы бағаға келісетіні жасырын емес. Сондықтан Қазақстан астық экспорты проблемасымен ғана емес, өнімділікті көтеру мәселесімен де айналысқаны жөн. Сарапшы бұл ретте елдегі қолайсыз ауа райы кедергі етіп жатқанын да атап өтті.

    Қоса кетсек, күні кеше елордада AGRICOM халықаралық конференциясы өтті. Кулуарда Қазақстан астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов Солтүстік Африка мен Еуропаның астық нарығына қайта оралудың мүмкіндігі туындап тұрғанын айтты.