Бүгін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» (АҚ) Директорлар кеңесінің мүшесі Рақымбеков Төлеутай Сатайұлымен өте маңызды әрі нәтижелі жұмыс кездесуін өткіздік. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі пилоттық инвестициялық жобаны егжей-тегжейлі талқыладық.
Бүгінде қалаларда азық-түлік бағасы өсіп, ал ауылдағы ағайынның табысы төмен болып отырғаны жасырын емес. Бұл ұсынылып отырған жоба осы екі мәселені де түбегейлі шешуге бағытталған.
Жоба аясында 10 000-нан астам жеке шаруашылықты біріктіріп, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарының 30 ауылында сервистік кооперативтер мен дайындау орталықтарын құру. Ауылдарда 30 сүт фермасы, 30 бордақылау алаңы және 600 шағын жылыжай бой көтереді. Жезқазған қаласында ет, сүт, жүн мен теріні терең өңдейтін заманауи кәсіпорындар салу.
Нәтижесінде, тартылатын инвестицияның арқасында алдағы жылда облыста өндірілген өнім өсіп, ауыл халқының табысы артады. Ең бастысы, өңірде 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, Жезқазған мен Сәтбаев қалалары өзіміздің сапалы әрі арзан ет-сүтімізбен, көкөнісімізбен толық қамтамасыз етіледі. Баға тұрақталады.
Төлеутай Сатайұлы бұл бастаманың отандық агросектор үшін маңыздылығын жоғары бағалап, жобаның «өндіріс – қайта өңдеу – өткізу – экспорт» қағидатымен жұмыс істейтін Қазақстандағы алғашқы бірегей модель бола алатынын атап өтті. Саланың білікті сарапшысы ретінде жобаны ғылыми әрі практикалық тұрғыдан қолдауға әзір екенін жеткізді.
Бұл жоба Ұлытау облысында сәтті сынақтан өткізілген соң, болашақта еліміздің барлық өңірлеріне таратылатын болады.