9 қазанда Ашхабадта өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Достастықтың болашағына қатысты маңызды бастамалар көтерді. Алматы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толған кезеңдегі бұл кездесу Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясатының басым бағыттарын айқындай түсті.
Мемлекет басшысы ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді, саудадағы кедергілерді жоюды және бірлескен индустриялық-технологиялық жобаларды дамытуды ұсынды. Бұл отандық өндірісті қолдап, өзара сауда көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайту, жүк тасымалын жеңілдету және электрондық құжат айналымын дамыту мәселелеріне басымдық берілді. «Бірыңғай цифрлық дәліз» құру бастамасы өңірлік экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Президент орыс тілінің ТМД кеңістігіндегі рөлін атап өте отырып, мүше мемлекеттердің ұлттық тілдері мен мәдени ерекшеліктерін сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Бұл – өзара құрмет пен тең құқықты ынтымақтастықтың негізі.
Сонымен қатар, жастардың интернетке тәуелділігі мен ақпаратты үстірт қабылдау мәселелеріне назар аударылып, кітап оқу дәстүрін жаңғырту және ТМД елдерінің ортақ цифрлық кітапханасын құру ұсынылды.
Менің пайымдауымша, Президенттің ұстанымы ТМД-ны нақты экономикалық нәтижелерге, цифрлық жаңғыруға және тең құқылы серіктестікке негізделген ұйым ретінде дамытуға бағытталған. Қазақстан үшін мұның маңызы зор: ұлттық мүддені қорғау, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және өңірлік ынтымақтастықты нығайту – өзара сабақтас міндеттер.