Перейти к содержимому

Әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысы өңірінде болып жатқан жақсы игі істерді көріп, жаңалықтарды оқығаннан кейін өзімнің пікіріммен бөлісуді жөн көрдім

    Қазақстан Фермерлері қауымдастығы Батыс Қазақстан облысы әкімінің бастамаларын қолдайды.

    Бүгінде облыстағы, экономикалық оң өзгерістер – аймақ басшылығының халықпен және ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен етене жақын жұмыс істеуінің нәтижесі. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының Сырым ауданы тұрғындарымен өткен кездесуі мен онда көтерілген ауылдық елді мекендерді дамыту мәселелеріне Қазақстан Фермерлері қауымдастығының Басқарма төрағасы ретінде өз ризашылығымды білдіріп, бұл қадамдарды толықтай қолдаймын.

    Мен Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезеңімде жұмыс сапарымен облысқа бірнеше рет арнайы барып, жергілікті халықпен, еңбеккерлермен жүзбе-жүз кездескен болатынмын. Сондықтан бұл өлкенің тыныс-тіршілігін, қасиетті топырағын, ең бастысы, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажы мен арман-тілегін өте жақсы білемін. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі аймақ басшысының халықпен тікелей диалог орнатып, нақты мәселелерді шешіп жатқаны мені қатты қуантады.

    Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып, тек қана ауылдық жерде 3 мыңнан астам тұрғын үйдің құрылысы аяқталып тұрғындар үйлі болды. Бұл – жай ғана құрғақ статистика емес, бұл – мыңдаған отбасының өз шаңырағына ие болып, бақытқа кенелуі. Әсіресе, 2023 жылдан бері мемлекеттік тұрғын үй құрылысы мен баспана бағдарламалары аясында ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Мысалға бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Сырым ауданы тұрғындарымен кездесуде нақты мысалдармен атап өтті.

    Ауыл еңбеккерлері үшін ауылда үй тұрғызу – тек құрылыс емес, бұл аграрлық секторды дамытудың және өңірдегі фермерлерді қолдаудың төте жолы. Сапалы баспананың болуы ауыл шаруашылығына тікелей оң әсерін тигізеді, сонымен қатар, кадр тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.

    Фермерлік қожалықтарда еңбек ететін жергілікті тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсарып, олардың ата кәсіптен қол үзбей, ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасалады.

    Әлеуметтік жағдайы жасалған еңбеккердің жұмысқа деген ынтасы артып, бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға тікелей септігін тигізеді.

    Сонымен қатар, ауылдық жердегі тұрғын үй құрылысы үлкен коммуникативтік және әлеуметтік серпіліс әкеледі. Жаңа үйлердің салынуы ауыл тұрғындары арасындағы байланысты нығайтып, инфрақұрылымның (жол, су, газ, интернет) жедел тартылуына жол ашады.

    Осы орайда, облыс әкімінің ауылдық жерлерге инвесторларды тарту саясаты ерекше атауға тұрарлық. Дамыған инфрақұрылымы мен тұрғын үй қоры бар жерге іскер азаматтар мен ірі агро-инвесторлар үлкен қызығушылықпен келеді. Бұл ауылда жаңа өңдеу кәсіпорындарын ашуға, логистиканы дамытуға және шағын бизнесті өркендетуге тікелей мүмкіндік береді. Бірақ мысал: «Кублей» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Талғат Маликұлының басшылығымен Батыс Қазақстан облысында құны 25 млн доллар болатын жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Компания заманауи суару жүйесі бар жеке жемшөп базасын құрып, сыйымдылығы 10-нан 20 мың басқа дейінгі ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр.

    Жеке жемшөп базасын құру және бордақылау бағытын дамыту компанияның шикізатпен қамтамасыз етілу деңгейін арттыруға, өндірістік циклді нығайтуға және қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 700-ден астам адам еңбек етеді. Компания шамамен 3,5 мың шаруа қожалығымен ынтымақтастық орнатып, мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз етіп келеді.

    Батыс Қазақстан облысындағы, бұл жүйелі жұмыс – басқа аймақтар үшін нағыз оң тәжірибе және үлгілі мысал. Тұрғын үй мәселесін шешу арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға жағдай жасау, инвесторларды ауылға бұру және халықтың әлеуметтік жағдайын тікелей кездесулер арқылы бақылау – нағыз тиімді басқарудың көрінісі.

    Нариман Төреғалиұлының жетекшілігімен басталған бұл игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, Ақжайық өңірінің ауылдары мен фермерлерінің табысы арта беретініне сеніміміз мол! Қазақстан Фермерлері қауымдастығы әрқашан осындай мемлекеттік бағдарламалармен бірге жұмыс істеуге дайын. Бастамалар сәтті, істер берекелі болсын!