Перейти к содержимому

Шерхан Мұртаза атындағы мектепте кездесу

    Бүгін Астана қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында және Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның туған күніне орай жарық көрген «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты жастар шығармашылық жинағының салтанатты тұсаукесері өтті.

    Аталған іс-шараға қатысып, жас қаламгерлер мен өнерпаздардың шығармашылығына куә болдым.

    Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының қолдауымен жарық көрген бұл жинақ – өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін қолдауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тағылымды жобаның нәтижесі.

    Тұсаукесер рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Шерхан Мұртазамен бірге қызмет еткен кезеңдерінен естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар жаңа жинақтың рухани-танымдық маңызына тоқталып, жас оқырмандарға арнап тілектерін білдірді.

    Жинақтың басты ерекшелігі – онда поэзия, проза және бейнелеу өнері арқылы қазақ руханиятының алтын бесігі саналатын Түркібасы (Түлкібас) өңірінің табиғаты, тарихы мен мәдени мұрасы көркем бейнеленген.

    Жаңа туынды жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға және қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен орнықтыруға бағытталған. Жинақ әдебиет сүйер қауымға, жас зерттеушілерге және туған елінің тарихын қастерлейтін барша оқырманға арналған.

    Өз кезегімде, тағылымы мол іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық қайырымдылық қорына, сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназиясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдірдім.

    Кітап – ұлттың рухани қазынасы. Оқитын ұрпақ – ойлы ұлттың негізі.