Экспортты шектеу немесе тауар өндірушілердің бағасын бақылау бойынша кез келген шаралар қауіпті деп санаймыз.
Жалпы мемлекеттік органдардың фермерлердің ісіне араласуы олардың бизнесін алдын-ала жоспарлап, тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Көтерме-тарату орталықтары мен тұрақтандыру қорларын құру бойынша да осындай ұстаным бар.
Әлеуметтік осал топтар үшін мақсатты қолдау көрсету, мысалы, әлеуметтік төлем карталарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатып алуға ғана ұсыну қисынды болар еді. Сондай-ақ, өткізу кооперативтерін (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, шаруа фермер қожалықтары, жеке қосалқы шаруашылықтар), сондай-ақ қалалар мен елді мекендердегі тұтыну қоғамдарын дамытуды ынталандыру қажет.
Сонымен қатар, еліміздегі логистика мәселесі де көңілді алаңдатады.
Қандай кезде болса да, жолдар экономиканың негізгі артериялары екені белгілі.
Өңірлерді аралаған кезде байқағанымыздай, ауылдық жерлерде, әсіресе ауылдар мен аудан орталығы арасында, асфальт жолдар туралы айтпағанда, қатты жабыны бар қарапайым жолдар (грейдерлер, қиыршық тас жолдар) жоқ, ал егер олар болса, сынған және көлік құралдарының қозғалысына жарамсыз. Бұл, өз кезегінде, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудегі онсыз да ауыр проблеманы ушықтырады. Сондай-ақ, жолдардың болмауы ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына кері әсерін тигізеді – жастар кетеді, мектептер жабылады, ауыл өзінің тартымдылығын жоғалтады.
Бұл ретте адамдар ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетінін, ал тиісті инфрақұрылымның болмауы оларға кедергі келтіретінін баса айту қажет. Жолдардың болмауына байланысты адамдардың өнімді уақтылы және қолайлы бағамен сатуға мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселені шешу үшін орталық және жергілікті органдар тарапынан тиісті қаржыландырумен «Ауыл жолдары» нысаналы мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге дейін шұғыл шаралар қабылдап, таяудағы 3-5 жыл ішінде ауылдық аумақтарды жолдармен қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселемен тікелей Көлік министрлігі айналысуы қажет.
Тиісті жолдар мен инфрақұрылымсыз ауыл шаруашылығын дамыту, сондай-ақ бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес!