Бүгін Басқарма төрағасы Жигули Дайрабаевтың басшылығымен өткен жұмыс кеңесінде Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы (Қауымдастық) жанынан Фермерлерге құқықтық қолдау орталығын (Орталық) құру туралы шешім қабылданды.
Аталмыш Орталық фермерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, оларға құқықтық консультация беруді, дауларды сотқа дейін және сот тәртібімен шешуге жәрдемдесуді, сондай-ақ аграрлық саладағы жүйелі құқықтық мәселелерді анықтап, оларды шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асыратын тұрақты құрылым болып табылады.
Бұл жердегі негізгі қағидат – фермер мемлекеттік органмен, банкпен, жер мәселесімен, салықтық тексерумен, шарттық міндеттемелермен немесе сот дауларымен бетпе-бет жалғыз қалмауы тиіс және Орталық Қауымдастықтың фермерлерді құқықтық қорғаудың негізгі тетігі – «құқықтық қалқаны» болуы қажет.
Орталық өз қызметі аясында Қауымдастық мүшелеріне ұйымдастырушылық, консультациялық, құқықтық және ақпараттық қолдау көрсету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және білдіру, құқықтық дауларды шешуге жәрдемдесу, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы заңнама бұзушылықтарының алдын алу, фермерлердің жүйелі құқықтық проблемаларын анықтау және жинақтау, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асыратын болады.
Орталықтың негізгі мақсаттары:
— фермерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
— фермерлер үшін құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
— құқықтық даулардың алдын алу;
— мемлекеттік органдарда және заңнамада көзделген жағдайларда соттарда фермерлердің мүдделерін білдіруге жәрдемдесу;
— фермерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру;
— аграрлық саладағы жүйелі құқықтық мәселелерді анықтау және оларды шешу жөнінде ұсыныстар енгізу.
Орталықтың жұмысы фермерлер өз жұмысында жиі кездестіретін мәселелерді қамтитын болады (жер қатынастары, субсидиялау, салықтық қатынастар, кредиттер, лизинг, шарттық қатынастар, мемлекеттік сатып алулар, ветеринария, фитосанитария, су мәселелері, тексерулер, еңбек қатынастары, әкімшілік құқықтық қатынастар, меншік құқығын қорғау, сот даулары, медиация, құқықтық білімді арттыру).
Нәтижесінде Орталық фермерлерге жеке құқықтық көмек көрсетумен шектелмей, бүкіл фермерлік қауымдастықтың құқықтарын жүйелі түрде қорғауға мүмкіндік беретін ұлттық деңгейдегі құқықтық институтқа айналуы тиіс.