Жигули ағамызды не толғандырады?

with Комментариев нет

«Замана кз» газетіне берген сұхбатының толық мәтіні

Қазақ атамыз бір күнін жылға азық деп сипаттайтын көктемнің соңғы айы – мамырдың басталуына да санаулы күндер қалды. Ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды осы кезеңде елімізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жалпы, агроөнеркәсіптің болашағына деген көзқарас қандай? Біз Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаевтан осы және басқа да бірқатар сұрақтар төңірегінде айтып беруін сұраған едік.

– Жигули Молдахалықұлы, елімізде коронавирусқа қатысты карантин жарияланғалы бері, шаруалар жұмысына көп кедергі келтірілуде екенін айтушылар бар. Электронды құжаттандыру бойынша түсінбестіктер жиі туындайтын да сияқты. Бұл мәселенің оңды шешілуіне атсалысып жатқан боларсыздар?

– Жалпы, ондай әңгімелер бұған дейін барлық аумақтарда болған. Мәселелерді шешу үшін карантиннің алғашқы күндерінен бастап әрекеттер жасағанбыз. Министрлікпен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, көп жұмыстар атқарылды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, облыстық деңгейде құрылған арнайы штабтар құрамына фермерлер одағының мүшелерін енгіздік. Министрліктің берген тапсырмалары бойынша, көп облыстар фермерлердің жұмысына кедергі болмауын оңды шешіп жатты. Мысалы, Қостанай облысында фермерлерге жәрдемнің өте жақсы жолға қойылғанын айтуға болады. Қиын жағдай Алматы, Нұр-Сұлтан төңірегінде сақталып тұрған еді, фермерлерден жүріп-тұруға кедергілерге байланысты түсіп жатқан шағым көп болатын. Яғни, олардан өзінің фермер екенін дәлелдейтін бірқатар құжаттар талап етілген. «Қолдау», «Сергек» сайттары бойынша жұмыс істеуге фермерлердің көбі дайын емес еді, бірінде компьютер жоқ болса, енді бірі оны қолдана алмайды, кейде интернет істемей қалады дегендей, деректерін электронды түрде көрсетуге мүмкіндіктері болмай, сол себепті блок-бекеттерден өтерде қиындықтар туындаған. 22-сәуір күні Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткізілген онлайн-конференция кезінде бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойылды. Біздің тараптан айтылған талап-ұсыныстар келісілді. Енді фермердің құжат тексерушілерге өзінің жеке басын куәландыратын және шаруашылықтың тіркеу куәліктерін көрсетуі жеткілікті. Яғни өзі, шаруашылығы туралы деректерін «Қолдау» мен «Сергектен» көру мүмкін болмаса, осы аталған екі құжатты көрсетіп-ақ бекеттен өте алады. Енді барлығы да бір жүйеге келеді. Қазіргідей кезеңде шаруашылық жұмыстарын тоқтатуға болмайды ғой.

– Елді астықпен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін қазіргі кез анық көрсетіп тұр. Егіс науқаны, астық түсімі қалай болады дегенді ойлай бастадық…

– Қазір Оңтүстікте көктемгі дала жұмыстары жүріп жатыр. Солтүстік облыстарда егін егу енді бірер күнде басталады. Биыл онда 22 миллион 500 мың гектар аумаққа бидай егіледі деп күтілуде. Ол жақтарда 50 жылда болмаған ылғал түсті дегенді естідім, астық өнімі мол болады деген үміт бар. Ел тоқ болса, тыныш болса, Елбасы бастап берген, Президент жалғастырып жатқан жұмыстар оңды нәтижелерін беріп жатса, халық қолға алынған, атқарылған жұмыстарға қолдау білдіріп отырса, бәрі де жақсы болады деп ойлаймын.

– Қазақстанда қанша фермер бар? Өзіңіз басқарып отырған қауымдастықтың мүшелері де аз емес шығар? Жалпы, біздегі ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері қандай?

– Бүгінде еліміз бойынша 212 мың фермер, шаруа қожалықтары еңбек етеді. Біздің ассоциацияның 52 мыңға жуық мүшесі бар. Жалпы, еңбек адамын, фермерлерді қолдау керек, аграрлық мемлекет ретінде ауылды көтеруіміз, ауыл шаруашылығын дамытуымыз қажет. Қазақстанның азық-түлікпен өзін-өзі толықтай қамтамасыз етуіне, тіпті оны көрші мемлекеттерге, басқа да елдерге экспортқа шығаруына да толықтай мүмкіндігі бар.

– Осы орайда өзіңізді қандай жайлар толғандырады, қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Жалпы, айтылатын әңгіме көп қой. Өткенде Ауыл шаруашылығы министрлігінің коллегиясы болды, сонда министр мен оның үш-төрт орынбасары есеп берді, Ұлттық аграрлық ғылыми-ағарту орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков сөйледі. Маған да сөз берген, сонда мен 7 түрлі мәселе көтердім. Ауыл шаруашылығын түгелдей ревизиялау керектігін айттым. Яғни біз қазір өзімізде не бар, не жоқ екенін саралап алуымыз керек. Қолда қандай техникалар бар, олар қандай күйде, қандай жерлер, қандай мал бар, құс шаруашылығына дейін есеп жүргізу керек. Осының бәрін тиянақтап алуымыз қажет. Өйткені Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама бітеді, сондықтан алдағы 10 жылға кейін өзгертілмейтіндей етіп, тиянақты бағдарлама жасау керек. Ел бойынша шаруашылық майталмандарынан, ғалымдардан, тәжірибелі жандардан 50-60 адамның басын қосып, ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты түбегейлі жоспар жасау, оған Үкімет тарапынан қандай қолдау қажетіне дейін тиянақтап, қолға алу керек. Техника жаңалануы тиіс. Ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын кәсіпорын өзімізден ашылса екен деймін. Осы және басқа да ұсыныстарымды білдірдім. Өтірік өрге баспайды, өтірік цифрлар тізуді доғарайық, статистиканы түзетейік дедім. Жіберілген кемшіліктерді мойындау керек, ол үшін бізді ешкім де атып тастамас, орын алған қателіктерді мойындап, ендігі мүмкіндіктерді, шаруашылықты дамыту жолдарын көрсету, бастамаларға дұрыс қолдау жасау керек, сонда агроөнеркәсіп көтеріледі.

– Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға қатысты ойларыңызбен бөліссеңіз…

– Бұған қатысты да көп айтуға болады. Теорияны, тәжірибе мен істі меңгерген мамандарды оқытып, тәрбиелеу өте маңызды. 24-сәуір күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңесі өтеді. Осы Кеңестің мүшесі ретінде, онда ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға қатысты пікірлерімді айтпақпын. Менің ойым, бұл салада білім беретін оқу орындарын өз аумақтарындағы ауыл шаруашылығына қатысты университеттердің құрамына енгізсе деймін. Кеңесте студенттерге сапалы, заманауи білім беру, теорияны ұштап, еңбекке баулу, тиімді мамандар даярлау тақырыбы әңгіме болады. Нақты шешімдер қабылданады деп ойлаймын.

– Кеңестік кезеңде бізде мал басын өсіруге көп көңіл бөлінгені белгілі. Ал қазіргі ахуал қандай? Кезінде ел ішінде сыртқа мал сату көбейіп, оның ішкі нарықта ет бағасының қымбаттауына соқтырғаны туралы жиі айтылды. Кейін шетке малды тірідей сатуға тыйым салынғаны белгілі. Осыған қатысты ұстанымдарыңыз қалай?

– 1990 жылдары бізде 38 миллион шамасы уақ мал болған, қазір оның жартысындайы ғана қалды. Сиыр, жылқыға да қатысты осылай деуге болады, яғни жалпы мал басы екі есеге дерлік азайған. Ал сыртқа малды тірідей сату мәселесіне келсек, біз де оған тыйым салынғанын қолдаймыз. Одан ауыл шаруашылығы зардап шекпеуі керек қой.

– Фермерлер қауымдастығының басшысы ретінде сізге хабарласушылар, көмек сұраушылар да аз емес шығар? Қандай мәселелер жөнінде көп айтылады?

– Маған фермерлер еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып тұрады. Жағдай айтады, көмек сұрайды, пікір-көзқарастарын білдіреді. Мысалы, таяуда ғана Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы «Рақым» шаруа қожалығының басшысынан хат алдым. Керімбай Рақымов деген азамат өзінің шаруашылығын ашып, істерін жолға қоюда көрген қиындықтарын тізіп жазыпты, ұсыныстарын білдіріпті. Несиелендіру, кепілдік қою, субсидия бойынша, мал дәрігерінің қызметін пайдалануға, тағы да басқа жайларға байланысты ойларымен бөлісіпті, ұсыныстарын білдіріпті. Жалпы, шаруалардың неден қиындық көретіні, қандай кедергілерге тап болып жатқаны жөнінде өзім де жақсы хабардармын. Елде төтенше жағдай жарияланардан бұрын, бірнеше облыстарда іс-сапармен болып, жағдаймен жақын танысқанмын, фермерлерден көп жайлар жөнінде естігенмін. Бір байқағаным, олардың көбі «ҚазАгро» акционерлік қоғамының жұмысына риза емес. Онда қазір 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Еншілес кәсіпорындарының төртеуін қысқартты, қазір үшеуі жұмыс істеуде, бірақ олардан да фермерлерге ойдағыдай көмек болмай тұр. Әңгіме несиелендіру жөнінде. Шаруалардың көбінің оған қолы жетуі қиын, жұрт осыны көп айтады. Ал қазір шаруаға еркіндік, қолжетімді несие аса қажет. Осы орайда олардың жұмысын тиімді несиелендіретін жаңа құрылым ашылғаны дұрыс деген ойдамын.

– Жалпы, ауыл шаруашылығы саласындағы жіберілген кемшіліктерді айтып, нақты ұсыныстарды білдіріп жатыр екенсіздер. Одан қандай нәтижелер күтілуде, болжамдарыңыз қалай?

– Көптеген мәжілістерге қатысып, өз ойымды, үнімді естіртіп жүрмін. Мақсат тек кемшіліктерді тізбелеу емес, оларды жоюға қатысты ұсыныстар білдіреміз. Айтқандарымызды тыңдайды. Тиісті жоспарларды да жасаудамыз. Сондықтан еліміздің ауыл шаруашылығында алдағы уақыттарда оңды өзгерістер болатынына сенемін. Бұл бағытта үлкен жаңалықтар ашудың қажеті жоқ, Америкаға, басқа елдерге еліктеудің керегі жоқ, Қазақстанның өз жолы, өз жөні бар.

– Осы мүмкіндікті пайдаланып, жалпы жұртшылыққа не айтқан болар едіңіз?

– Өз басым әр қазақтың бай болғанын тілеймін, қоғам тыныш жолмен дамыса екен деймін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы саясатын сабақтастықпен жалғап, көптеген істерді қолға алып отыр ғой. Халық бірлікте болып, басшыларды қолдап отырса деймін. Қай мәселе болса да бірден шешіле салмайды ғой. Ұлт болып ұйысып, барлық нәрсені ақылға сала отырып шешсек, көп нәрсені оңалта аламыз.

– Енді өзіңіз туралы қысқаша айта кетсеңіз.

– Жамбыл облысында туып-өскенмін. Білімім – жоғары. Кезінде шаруашылықтарда еңбек еттім, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқардым. Колхоз төрағасы, басқарма басшысы, компания басшысы, Жамбыл облыстық фермерлер одағының төрағасы болғанмын. Қазіргі қызметті 2019 жылдың желтоқсан айынан бері атқарудамын.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий