«Фермерлер мен шаруа қожалықтарын жайылымдармен қамтамасыз ету» мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының кеңейтілген отырысында Е.Е.Абуовтың баяндамасы (19.02.21 ж)
Бүгінгі көтеріліп отырған фермерлер мен шаруа қожалықтарын жайылымдармен қамтамасыз ету мәселесі, өте өзекті және шешімін таппай отырған мәселе.
Жалпы, Қазақстандағы жайылымдық жер – мал шаруашылығын дамытуға табиғаттың берген баға жетпес сыйы.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі буыны – фермерлік шаруашылық болып табылады, сондықтан да оны дамыту арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспорттың әлеуетін арттыруды шешеміз.
Бүгінгі таңда мал шаруашылығы саласы шындығында үлкен мүмкіндіктерге ие.
Ауыл тұрғындарының басым бөлігінің күнкөрісі – төрт түлік мал.
Өкінішке орай, қазіргі таңда фермерлер үшін ең күрделі мәселелердің бірі болып табылатын жайылым проблемасы облыстың әр ауданында, ауылдарда өте өзекті, мал жаюға арналған жайылымдардың жоқтығынан шаруалар мал басын көбейтпек түгілі, азайтуға мәжбүр болып отыр.
Ал біз болсақ, табиғи жайылымдарды әлі де тиімді пайдалана алмай келеміз.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша Қазақстандағы 184,3 млн. гектар жайылымдардың 96,4 млн. гектары пайдаланылады, яғни 52,3 пайызы ғана, ал 87,9 млн.гектар жайылым пайдаланылмай жатыр.
Оны игеру мал шаруашылығын дамытудың орасан зор мүмкіндігі екені сөзсіз. Ата бабаларымыз осы қыруар жайылымдық жерлерді қой өсірумен қатар түйе мен жылқы өсіру арқылы тиімді пайдалана білген.
Өздеріңізге мәлім, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2014 жылдан бастап «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар)» үшін инвестициялық шығынның 80%-ын өтеу арқылы игеру жоспарланған болатын.
Алайда, субсидиялардың едәуір мөлшерде бөлінуіне қарамастан, бұл жобаның мақсаттары мен міндеттері толықтай орындалмады.
2017 жылы «Жайылымдар туралы» заң қабылданып, 2018 жылы жер кодексіне түзетулер енгізілгенімен, тиісті оң өзгерістер байқалмайды. Билік органдары жайылымдарды адамдарға қайтара алмады, ал жерлерді қайтару жергілікті әкімдіктердің құзырында. Нәтижесінде, еліміздегі 87,9 млн. гектар жайылым пайдаланылмай бос жатыр. Бұл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуда жіберіліп отырған кемшіліктер деп білеміз.
Жайылымдардың жетіспеушілігінен еліміздегі шаруашылық құрылымдары төрт түлік малды ауылда, елді мекен орталықтарында, не ауыл аймақтарында жыл он екі ай бойы бір орында бағуды үрдіске айналдырып алды. Әрине, бұл ауыл төңірегінің тақырланып бара жатқандығына, алыс, жақсы жайылымдардың дұрыс пайдаланылмауына әкеп соқтыруда.
Малдарды алыс жайылымдарда күтіп-бағу, барынша аз шығын жұмсап, үлкен мал басын ұстауға, шөлді аймақтың жайылымдарын барынша пайдалануға мүмкіншілік бере отырып, республиканың игерілмей жатқан аймақтарын шаруашылық айналымға енгізуге жағдай туғызу қажеттігі туралы айта кету керек.
Сонымен қатар, қазіргі кезде ірі шаруашылықтар жайылымдармен толықтай қамтамасыз етілген, алайда жайылымдардың едәуір бөлігі пайдаланылмайды, ұзақ мерзімді жалға берілген немесе кезінде сатылған және жеке меншік болып табылады. Бұған жергілікті атқарушы органдар немқұрайлы қарап отыр.
Мемлекет басшысы Үкіметке фермерлер мен ауыл тұрғындары үшін бос жатқан жайылымдардың 46 млн. гектарын қайтаруды тапсырды. Бұл өте дұрыс шешім, өйткені ауыл шаруашылығы жерлерін нарықтық айналымға толықтай енгізбей, ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мүмкін емес.
Енді, бүгінгі күні фермерлер мен шаруа қожалықтарын жайылымдармен қамтамасыз ету жолдары туралы өз ойымды ортаға салайын.
Бірінші – Үкіметке ең бастысы, тиімсіз жер пайдаланушылар мен жер иелерінің орнына тиімді фермерлердің келуіне жағдай туғызу. Неге жермен айналысамын дегендерге мал шаруашылығымен айналыспасқа. Оған елімізде жайылым жерлер жеткілікті. Мал шаруашылығымен айналысамын дегендерге 71,9 млн. гектар жақын босалқы жайылым жерлер бар.
Екінші – жайылымдарға инвентаризация жүргізу, оларды алып қою және мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге конкурс бойынша беру жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Үшінші – жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру қажет.
Төртінші – ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту үшін, Үкіметтен бастап саясатты өзгертіп, барлық санаттағы шаруашылықтардың дамуына серпін беру үшін тиісті жағдайлар жасау және мемлекеттік қолдаудың қолда бар ресурстарын тиімді пайдалану қажет.
Бесінші – Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобаға жайылымдармен қамтамасыз ету жолдарын енгізу қажет.
Алтыншы – еліміздің ұйымдастырылған шаруашылықтарында 32,3 млн. га артық жайылым бар екен, яғни ол жайылымдарда мал жайылмайды деген сөз. Сондықтан, жер заңнамасына тиісті өзгерістер енгізіп, пайдаланылмай жатқан жайылымдарды сол жайылым жетіспейтін шаруашылықтарға беру қажет.
Жетінші – Ауыл шаруашылығы министрлігіне жайылымдарды электрбақташылармен қоршау мәселесін шешу үшін субсидия бөлу және жайылымдарда құдықтар салуға мал шаруашылығының инфрақұрылымын дамытуға инвестициялық щығынның 80% — дан кем емес көлемінде субсидиялар төленуі қажет.
Ең бастысы – фермерлер мен шаруа қожалықтарын жайылымдармен толықтай қамтамасыз етпейінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі өте төмен екендігін мойындау қажет.
Сөзімді қорытындылай келе, жоғарыда аталған шараларды нақты іске асыру еліміздің халқын отандық өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіншілік береді және ауыл тұрғындарының көпшілігін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Добавить комментарий