with Комментариев нет
2023 жылғы 3 қарашада Астана қаласы, Radisson Hotel Astana қонақүйінде құрылғанына 20 жыл толуына орай Қазақстан фермерлері қауымдастығының конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары С.М.Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрі А.С. Сапаров, Қазақстанның барлық өңірлерінен делегаттар, Парламенттің екі палатасының депутаттары, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Конференцияда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты – Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма Төрағасы Ж.М. Дайрабаев Қазақстан фермерлері қауымдастығының атқарған жұмыстары және алға қойған міндеттері туралы баяндама жасады.
Баяндаманы талқылау аясында Қазақстан фермерлері қауымдастығының Жетісу облыстық филиалының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі А.Қ. Шәріпов, Түркістан облысы Жетісай аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы, «З-Асан ата» ШҚ басшысы О.З. Асанов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, «Шанс» ШҚ басшысы И.В. Жабяк, Қостанай облысы, Амангелді ауданы, «Ақ бота» ШҚ басшысы Ж.Топаев, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, «Манат» ШҚ басшысы С.Ұ. Манатов, Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, «Болат-ЛТД» ЖШС директоры А.Ә.Мамырбаев сөз сөйледі.
Бұл ретте А.Қ. Шәріпов қант қызылшасы, О.З. Асанов су шаруашылығы, И.В. Жабяк қаржыландыру, Ж.Топаев киік мәселесі, С.Ұ.Манатов мал шаруашылығы мәселелерін көтерсе, А.Ә.Мамырбаев Агробанк құру туралы петиция әзірлеп, соған қол жинауды ұсынды. Қатысушылар бұл ұсынысты қол соғып, қолдады.
Содан соң конференция жұмысы сұрақ-жауаппен жалғасты. Сұрақ-жауап 1,5 сағатқа созылды. Сұрақтардың басым бөлігі фермерлердің өзекті проблемаларына қатысты болды: қаржыландыру, субсидиялау, субсидиялау жүйесінің жұмысы, ветеринария, жер бөлу және т.с.с.
Ауыл шаруашылығы министрі А.С. Сапаров сұрақтарға мүмкіндігінше жауап беріп, жауапсыз қалған сұрақтарға жазбаша жауап қайтаруды ұсынды.
Одан кейін Қазақстан фермерлері қауымдастығының мәлімдемесі жасалды.
Конференция соңында үздік ауыл еңбеккерлерін марапаттау рәсімі өтті. Ол жерде фермерлер Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстан фермерлері қауымдастығының марапаттары табысталды.
Сондай-ақ Конференция аясында отандық ауыл шаруашылығы техникасын, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын және т. б. өндірушілердің көрмесі өткізілді.

Добавить комментарий