Алдымызда кезекті маусым тұр. Жаз бойы филиалдарымыздың басшылары өз шаруасын (кәсібін) орындаумен қатар, ел аралап, әріптес-фермерлердің проблемалары мен ұсыныстарын жинақтаумен болды. Енді міне соларды топтастырып, талқылап, нәтижесін шығару мақсатында Қауымдастығымыз сәйкес жиын өткізді.

Кешегі скайп форматында өткен отырыста бірқатар бағыт бойынша қызу пікірталас болды. Кеңеске қатысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі Акчурин Асхат Харисұлы фермерлердің ауыл шаруашылығы техникасын, олардың қосалқы бөлшектерін өндіру жөнінде ұсыныстарын тыңдады.

“Қызып тұрған” бағыттардың бірі – егін жинау кезінде арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі. Филиал төрағаларының айтуынша, бұл жерде фермерлерге қиындық тудыратын, әлі де шешімін таппаған тұстар бар.
Басқарма Төрағасы Жигули Дайрабаев аталмыш мәселенің жақында ғана кәсіпкерлер кеңесінің отырысы барысында Премьер Министрдің өзіне тікелей айтылғанын жеткізді. Онымен қоса ол жиында айтылған ұсыныстардың барлығы тиісті құзырлы мемлекеттік органдар жетекшілерінің алдында көтерілетінін мәлімдеді.

Басқосу соңында талқыланған бағыттар бойынша және филиалдар жұмысын дамыту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.